«Эйр Астана» ұшақтарының бірі Әмина Өмірзақованың есімімен аталатын болды

None
АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Енді «Эйр Астана» компаниясы жаңадан алынған Embraer 190 әуелайнеріне Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлықтарының иегері Әмина Өмірзақованың есімін берді.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Астанадан Павлодар, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Екатеринбор, Новосібір, Баку, Тбилиси, Бішкек, Орынбор, Омбы және Ташкент қалаларына қатынамақ.

«Біз ұшақтарға Қазақстан тарихы, өнері және мәдениетінде терең із қалдырған қазақ әйелдерінің есімдерін қою дәстүрін жалғастырудамыз. Бұл ретте біз ана бейнесін экранда зор күшпен сомдаған көрнекті актриса Әмина Өмірзақованы ұлықтап, оның есімін осы ұшаққа беруді ұйғардық, - дейді «Эйр Астана» АҚ-ның Сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Ибрагим Жанлыел. Оның айтуынша, тікелей Бразилиядағы өндіруші-зауыттан әкелінген бұл «Embraer 190» ұшағы Эмбраер тобының жетінші әуе кемесі болып отыр. Алғашқы «Embraer 190» Қазақстанға 2011 жылдың наурызында әкелінген болатын. Оның жолаушы сыйымдылығы 97 орын. Ең үлкен жылдамдығы - 890 км/с, ал ұшу алыстығы - 4200 шақырым. Енді жыл соңына қарай олардың саны 8-ге жеткізілмек. Сондай-ақ алты «Эрбас 320» және «Боинг 767» ұшақтары олардың әуепаркін толықтырмақ.