Ежелгі Отырар қалай қалпына келтіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM –Түркістан облысындағы Отырар қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Қазқайтажаңарту» РМК мамандары көне құрылыс технологияларын қолдана отырып, көне кешеннің жекелеген бөліктерін қалпына келтіріп жатыр.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қалашық аумағындағы тұрғын үйлер қабырғаларының жекелеген бөліктері бекітіліп, зақымданған тұстары жөнделді. Ежелгі ошақтың сылақ қабаттары да қалпына келтірілді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сонымен қатар кіреберіс жол ретке келтіріліп, бүлінген сылақ қабаты жаңартылды. Қалашықты айнала қоршаған орды жауын-шашынның әсерінен қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Оның бетіне сабан араластырылған арнайы сылақ жағылды.

Дәстүрлі әдіспен дайындалған бұл қоспа қорғаныш қабатын нығайтып, түрлі сыртқы әсерден болатын бүлінуді азайтады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ғылыми-реставрациялық жұмыстарда Отырардың тарихи ерекшеліктері ескеріліп, археологиялық ескерткіштің түпнұсқа келбетін сақтауға басымдық беріліп отыр.

Отырар қалашығынан XIII-XVIII ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлер табылғанын жазған едік.