Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Қазақстанда өтетін Азиадаға арналып халықаралық стандарттарға сәйкес Алматы маңында салынып жатқан соңғы үлгідегі заманауи спорт кешендерін аралап көрді. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Спорт нысандары елге қызмет етеді» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын», «Казахстанская правда» газеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
Президентпен өткен тікелей желі кезінде келіп түскен сұрақтардың бес мыңы білім және ғылым саласына қатысты болды. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында осы сұрақтарға Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың берген жауаптары жарияланыпты.
Сонымен қатар «Известия Казахстан» басылымның бүгінгі санынан да министрдің жауаптарынан егжей-тегжейлі хабардар бола аласыз.
«Күнделікті өмірде мәдениет пен өркениетті бір ұғым деп түсініп жүрміз. Шындығында екеуінде жақындық болғанмен, бұлар бір түсінік емес. Сондықтан да оларды синоним ретінде айтпай, өз орнына пайдалану керек», - деп ортаға өзгеше қөзқарас тастаған аталмыш басылымның бүгінгі санындағы философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаевтың мақаласы «Мәдениет және өркениет» деген тақырыпқа құрылыпты.
«Ежелгі Кашмир мен Делидегі Түркістан перзенттері». Осы тақырыппен берілген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала Ясы-Түркістанда туылып, Кашмирде ислам дінінің өркен жаюына аянбай қызымет еткен жерлес ғалымдар жайлы сыр шертеді.
***
Бүгін Қазақстанда II- медиа құрылтай өз жұмысын бастады. Журналистердің осы басқосуы қарсаңында құрылтайды үйлестуруші ұйым Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Қаруылова «Айқын» газетінің сауалдарына жауап беріпті. Басылымның бүгінгі санындағы «Қазіргі БАҚ екі ортада қалғандай күй кешіп отыр...» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.
«Халықаралық талаптарға сай келетін білім беру бағдарламаларын әзірлеу керек», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Аталмыш басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарымен берілген сұхбат еліміздің білім беру саласындағы және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.
«Қазақстандық үлесті арттыру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған компаниялармен арадағы келісімшарт үзіледі»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Анығырақ білгіңіз келсе газеттің «Қазақстандық үлестің жаңа тұжырымы» деген мақалаға назар аударыңыз.
***
Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло ел қоржынына алтын медаль салды. «Литер» басылымының жазуынша, 53 салмақ дәрежесіне дейінгі санатта өнер көрсеткен Зүлфияның жігері мен табандылығына тіпті мол тәжірибелі қытайлық Чен Сяотин мен өз жерінде өнер көрсетіп жатқан корейлік Чжин Хи Юн төтеп бере алмаған. Гоянг қаласында алтын жүлдеге ие болған 16 жастағы З.Чиншанло ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген.
Зүлфия Чиншанлоны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.
Осы тақырыпты жалғастырған «Казахстанская правда» басылымы спортшыға жолданған Елбасының жеделхатын жариялаған. Онда «сенің жеңіп алған алтын медалің Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қосқан жеке үлесің, отандық спорттың даңқты шежіресінің тағы бір жарқын беті. Бұл жақындап келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне тамаша тарту. Қазақстандық жанкүйерлер сенен жаңа спорттық жетістіктер күтеді. Олармен бірге мен де саған бұдан былай да жаңа жеңістерге жетуіңе тілектеспін», делінген.
«Экспресс К» басылымының бүгінгі санынан таяуда Елбасымен өткен тікелей желі барысында транспорт желілеріне қатысты түскен сұрақтардың ең өзектілеріне жауаптар жарияланған.
Авиабилеттердің қымбаттығы, билеттерді алыпсатарлармен күрес, билетсіз жүру, Жезқазған - Арқалық жолының проблемалары, Жезқазған - Қызылорда учаскесінің құрылысы сияқты маңызды сұрақтарға жауап берілген.
ҚР Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов басылымға берген сұхбатында жолдардың құрылысы мен қайта жаңғырту мерзімдері туралы әңгімелеген. Ол көліктік бақылау комитетімен жолаушыларды билетсіз тасымалдайтын жолсеріктермен күрес жұмыстары күшейтілгендігін айтқан. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айында жолаушылар тасымалдау ережесінің өрескел бұзылуына жол берген 252 жолсерік пен 29 пойыз бастығы қызметінен босатылған.