«Маған Фаризамен педагогикалық институтта бір топта оқу бақыты бұйырыпты. Біз әдеби үйірмеге баруды бірге бастаған едік. Сол кездің өзінде ол бізден ерек болды. Әрдайым кітапханадан шықпай, тынбай білім жинады. Бойындағы ақындығы тіпті керемет еді», - деп еске алады ол.
Институттан кейін жас Фариза мектепте ұстаздық етті. Көп ұзамай оның дарындылығын «Коммунисттік еңбек» облыстық газеті байқап, оны тілшілік жұмысқа шақырады. Біраз жылдар өткен соң оны республикалық басылымдардың бірі Гурьев облысының меншікті тілшісі етіп алады. Газет беттерінде Фаризаның өлеңдері мен очерктері жиі басыла бастайды.
«Біз оның ақындық қасиетінің кемелденуін жіті бақылап отырдық. Онымен бірге оқығанымызды, таныс болғанымызды мақтан тұттық. Фариза үлкен жұлдызға айналды. Дегенмен, біздің байланысымыз үзілген емес, курстастары үшін ол қарапайым Фариза болып қала білді және соңғы күніне дейін солай болып келді. Енді Фариза арамыздан кетті, онымен тілдесе алмаспыз. Алайда ол біздің арамызда мәңгі қалады. Оның өлеңдері, шығармашылығы бізбен бірге мәңгі өмір сүрмек», - деп түйді сөзін Қ.Жүсіп.