14:02, 26 Қараша 2013
Фаст-фудты оқушылардың 13,6 пайызы күн сайын, 16 пайызы апта сайын, 55 пайызы сирек болса да қолданады - С. Мұқашева
АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат - Балалар артық салмақ пен семіздік әкелетін қауіптен хабарсыз. Бұл туралы бүгін Алматыда оқушылардың тамақтану мәдениетінің төмендігі туралы баспасөз мәслихатында айтылды.
«Біздің орталық әрбір 3 жылда бір рет ел тұрғындары арасында зерттеу жүргізіп отырады. 2012 жылы 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларында 24 мың респондент арасында сауалнама жүргізілді. Оның 6 мыңын 11-17 жас аралығындағы балалар құрады», - дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы директорының орынбасары Салтанат Мұқашева. Оның айтуынша, зерттеу қорытындысына сай білім беру ұйымдарында оқушылар ыстық тағаммен 55,6 пайызға ғана қамтамасыз етілген. Олардың 74 пайызы тәулігіне орташа алғанда 400 грамм жеміс-жидек пен көкөніс жейді. Алайда оқушылардың 24 пайызы тәтті газды сусындарды, 13,6 пайызы фаст-фудты күн сайын тұтынады. Ал 16 пайызы апта сайын, 55 пайызы өте сирек болса да пайданады. Сондай-ақ оқушылардың 23 пайыздан астамы компьютер алдында 4 сағаттан астам, 25 пайызы теледидар алдынан шықпайды.