ФАТХ және «Хамас» уақытша үкімет жасақтайды

None
КАИР. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат - Бір қазанға бастары сыймай келген палестиналық ФАТХ және «Хамас» қозғалыстары Каирде өткен келіссөзде 2010 жылдың қаңтарында парламент сайлауы өткенге дейін үкіметтің қызметін атқаратын комитет пен Газа секторында тәртіп орнататын ортақ қауіпсіздік органын құру туралы келісімге келді.
ҚазАқпарат бұл туралы «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. Мысырлық телеарнаның хабарлауынша, ағымдағы жылы шілденің 7-сінде Газа секторына Мысыр мен басқа араб елдерінің күш-қуат құрылымдары өкілдерінің делегациясы аттанады, олар осынау палестиналық анклавта қауіпсіздік күштерін кәсіби дайындаумен айналысатын болады. Палестиналық екі қозғалыстың арасындағы келіссөз дүйсенбі күні де жалғасын табады деп күтілуде. ФАТХ пен «Хамастың» арасындағы диалогтың бесінші кезегі сенбі күні Каирде Мысырдың жалпы барлау қызметінің басшысы Омар Сүлейманның арағайындығымен жанданған болатын.