ФБР Солтүстік Каролинада Жаңа жыл қарсаңында жоспарланған терактінің алдын алды

Фото: nbcnews.com-нан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Федералдық тергеу бюросы Солтүстік Каролина штатында Жаңа жыл қарсаңында бірқатар террористік шабуыл жасауды жоспарлаған күдіктіні ұстағанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Күдікті — Солтүстік Каролинаның Минт-Хилл қаласының 18 жастағы тұрғыны Кристиан Стердивант. Оған шетелдік террористік ұйымға материалдық қолдау көрсетуге әрекеттену секілді бірнеше айып тағылды.

ФБР мен АҚШ Әділет министрлігінің дерегінше, Стердивант «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым - ред.) идеологиясынан әсер алып, Минт-Хилл қаласына жақын маңдағы Шарлотт елді мекенінде орналасқан азық-түлік дүкені мен Burger King қоғамдық тамақтану орнына шабуыл жасауды жоспарлаған.

Ресми тұлғалардың айтуынша, ол бұл әрекетке шамамен бір жыл бойы дайындалған. Интернетте аталған ұйымға қатысты материалдарды жиі қарап, TikTok желісінде соған байланысты видеолар жариялаған.

Стердиванттың үйінде жүргізілген тінту кезінде құқық қорғау органдары оның шабуыл жоспары егжей-тегжейлі жазылған жазбаларды және пайдаланбақ болған заттарды анықтады. Олардың қатарында төсек астына жасырылған балғалар мен пышақтар бар. Бұл туралы Солтүстік Каролинаның Батыс округі бойынша АҚШ прокуроры Расс Фергюсон мәлімдеді.

Сондай-ақ күдіктінің жатын бөлмесінен тактикалық қолғаптар мен кевлар жилеті табылған. Ал қолжазба түрде жазылған жазбасында ол полиция қолынан қаза табуды қалағанын білдірген.

Тергеу деректеріне сәйкес, Стердивант түрлі ЛГБТ тәрізді әлеуметтік топ өкілдеріне, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерге шабуыл жасауды көздеген. Ол интернет арқылы жасырын жұмыс істеген полиция қызметкерлері мен ФБР агенттерімен байланысқа шығып, оларды террористік ұйым мүшелері деп ойлаған.

Стердивант ФБР-дің назарына алғаш рет 2022 жылы, ол кәмелетке толмаған кезде іліккен. Сол уақытта ол көршісін балға мен пышақпен өлтіру мақсатында үйінен түгелдей қара киім киіп шыққан, алайда оны атасы тоқтатқан. Ол кезде оған қатысты ешқандай айып тағылмай, тек психологиялық көмек көрсетілген.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалғыз әрекет еткен.

Айта кетейік, бұған дейін ФБР Мичиган штатында Хэллоуин кезінде болуы мүмкін терактінің алдын алғанын хабарлаған еді. Ал қазан айында АҚШ-та экстремизмге байланысты бірнеше адам ұсталған болатын.

Сондай-ақ АҚШ-тың арнайы қызметі Лос-Анджелесте жаңа жыл түні террористік шабуылдар ұйымдастырмақ болды деген күдікпен төрт адамды ұстағанын мәлімдеді.