НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 20-21 сәуір күндері Лондонда Федерация кубогы ІІ Әлемдік тобының плей-офф кезеңінде Ұлыбритания мен Қазақстан командалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Матч бүгін Зарина Дияс пен Йоханна Контаның бәсекесімен ашылады. Әлемнің 46-ракеткасы Й.Контаны Ұлыбритания құрамасының белді теннисшісі деуге болады. Дүниежүзілік рейтингте 107-сатыда тұрған З.Диястың да барын салары сөзсіз. Содан кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 86-орындағы Кэйти Бултермен кортқа шығады.
Екінші күні Ю.Путинцева мен Й.Конта, З.Дияс пен К.Бултер шеберлік байқасады. Жұптық сында Галина Воскобоева мен Анна Данилина ұлыбританиялықтар Хезер Уотсон мен Хэрриет Дартпен кездеседі. Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев қыздардың толықтай дайын екендігін, жеңіс үшін аянбайтындығын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың ел намысын қорғауды бақыт санайтынын жазған болатынбыз. Ал ерлер арасында Александр Бублик Мексикадағы турнирдің ширек финалына шыға алмай қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).