АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық теннис орталығында Федерация кубогы екінші әлемдік тобының плей-офф кезеңіне шығу үшін қазақстандықтар Таиландпен алғашқы матчты сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның екінші, әлемнің 96-ракеткасы Зарина Дияс бастапқы кездесуін таиландтық Мананчая Савангкаевпен өткізді.
Бірінші сетте Зарина қарсыласын бет қаратпай, айқын басымдылық көрсетті - 6:1.
Екінші партияда да қазақстандық теннисші онша қиналған жоқ. Есеп 5:2 болып тұрған мезетте доп берген З.Дияс таиландтық теннисшіге брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Есесіне келесі геймде өзі брейкке қол жеткізіп, матчты аяқтады - 6:3.
Кездесу 1 сағат 7 минутқа созылды.
Осылайша Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.
Қазақстан - Таиланд матчының екінші бәсекесінде еліміздің бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 712-сатыда тұрған Нуднида Луангнаммен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның Федерация кубогы жолындағы басты қарсыластары кімдер екенін және Зарина Диястың жоспарымен бөліскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).