Федерер гольфшы Вудсты артқа тастап, ең көп табысқа кенелген спортшы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцариялық теннисші Роджер Федерер Лондонда өткен кәсіби теннисшілер қауымдастығы чемпионатының топтық қорытынды кезеңінде неміс спортшысы Александр Зверевті 7:6 (8:6), 5:7, 6:1 есебімен жеңгеннен кейін америкалық гольфшы Тайгер Вудстан озып, өз карьерасында ең көп табысқа кенелген спортшы атанды.

Федерердің еншісінде 110 235 682 доллар бар, деп хабарлайды Forbes. Ал Вудстың табысы - 110 061 012 доллар.

Федерер 1998 жылдан бері турға қатысып келеді. Осы уақыт аралығында ол 19 «Үлкен дулыға» жарыстарын қосқанда, 95 турнирде жеңіске жеткен. Сондай-ақ, Роджер 2017 жылы Австралия ашық чемпионаты мен Уимблдон чемпионатында да жарқырай көрінді.