Федор Емельяненко мен аты аңызға айналған боксшы Джордж Форман Қазақстанға келуі мүмкін

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Шілдеде елордада өтетін ережесіз жекпе-жектен Президент кубогы үшін сайысқа еліміздің мықты спортшылары қатысады әрі танымал шетелдік спортшылар қонақ болады.

Бұл туралы Vesti.kz порталына Alash Pride клубының директоры Асхат Ерболатов мәлім еткен.

«Ағымдағы жылы біз Президент кубогын «Сарыарқа» велотрегі алаңында өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған еліміздің үздік спортшыларын шығарамыз. Қазіргі уақытта оларға лайықты танымал қарсыластар іріктеудеміз. Сонымен қатар Федор Емельяненконың және атақты спортшы, аты аңызға айналған боксшы Джордж Форманның өкілдерімен келіссөздер жүргізудеміз. Оларды құрметті қонақ ретінде шақырғымыз келеді», - деді ол.

Бастапқыда бұл турнир мамыр айының соңында өткізілуі тиіс еді. Кейіннен оның мерзімі шілде айына ауыстырылды. Ұйымдастырушылар мұндай қадамға жанкүйерлердің өтініші бойынша барып отыр.