Судьяның түсіндіруінше, сотталушының алғашқы сот отырысынан бері қорғаушысы бар. Ол бұған дейін іс материалдарымен танысуға уақыт беру туралы өтініш білдірген. Осыған байланысты сот отырысы кейінге қалдырылып, қорғау тарабына іс материалдарымен танысуға жеткілікті уақыт берілген.
– Сот істі қараудың осы кезеңінде өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды ұйғарды. Себебі сотталушының алғашқы сот отырысынан бері қорғаушысы бар. Ол қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін уақыт беруді сұрады. Осыған байланысты оның өтініші негізінде сот отырысы басқа күнге ауыстырылып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға жеткілікті уақыт берілді, – деді судья Меруерт Абаева.
Сонымен бірге, судья іске жаңадан кіріскен қорғаушы, адвокат А. Әлімовке сот отырыстары арасында қылмыстық іс материалдарының барлығымен өз бетінше танысуға құқылы екенін түсіндірді.
Сондай-ақ сот жәбірленуші Айнұр Нұрпейісованы бірінші кезекте жауап алу туралы мәселені әзірге қараған жоқ. Судьяның айтуынша, бұл өтініш дәлелдемелерді зерттеу тәртібі белгіленгеннен кейін қаралады.
Сарапшыны сот отырысына шақырып, жауап алу мәселесі де ашық қалды. Сот бұл өтінішті мерзімінен бұрын берілген деп таныды, себебі қылмыстық іс материалдары әлі зерттелмеген.
– Сарапшыдан жауап алу қажеттігі туралы мәселе қылмыстық іс материалдары зерттелгеннен кейін шешіледі, – деді Меруерт Абаева.
Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.
Іс бойынша прокурорлар ресми айыптау актісін жариялады.
Бұған дейін сотталушы Сәуле Жұбаниязованың жаңа қорғаушысы Асхат Әлімов сот отырысы өтетін күні іске кіріскенін айтып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға және қорғау ұстанымын әзірлеуге уақыт беруді сұраған еді.