Фельдшер қазасы: Тоғыз қабатты үйге бес қабаттық конструкция қолданылған

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін қорғау тарабы құрылыс саласының маманы Вероника Лобаеваны арнайы шақырды және тұрғын үйдің қасбеті не себепті құлағанын сұрады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

В. Лобаева соттың құрылыс-техникалық сараптамасына пікір білдірді және сыртқы қабырғалардың кірпіш қалау жұмыстары жобалық, типтік және нормативтік талаптарға сәйкес келмегенін мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Атап айтқанда, оның айтуынша, жобада қарастырылған D69 түйіні биіктігі бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Ал қасбеті құлаған тұрғын үйдің биіктігі — тоғыз қабат және тағы техникалық қабаты бар.

— Бұл D69 түйіні тек бес қабатқа дейінгі ғимараттарға қолданылады. Оны тоғыз қабатты үйге пайдалануға болмайды. Себебі бұл типтік серияда ешқандай күшейту қарастырылмаған, арматуралық белдеулер де, қосымша түсіретін белдеулер де жоқ, — деп түсіндірді маман.

Маман бұл жағдайдың сот құрылыс-техникалық сараптамасының зерттеу бөлімінде де көрсетілгенін атап өтті. Алайда қорытынды бөлімде басқа құрылыс ақауларына — анкерлеу мен арматуралық белдеулердің болмауына, сондай-ақ қалау ерітіндісінің төмен маркасына баса мән берілген.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Меніңше, сарапшылар ғимарат қабатының сәйкессіздігіне тиісті деңгейде назар аудармаған. Құрылысшылар тек бес қабатқа дейінгі ғимаратқа арналған кірпіш қалау конструкциясының типтік сериясын қолданған. Мұндай биіктікте қаптаманың орнықтылығын қамтамасыз ететін инженерлік есептеулер мен конструктивтік күшейту жұмыстары жүргізілмеген, — деді Вероника Лобаева.

Оның пікірінше, аталған факторлардың жиынтығы кейіннен конструкцияның бұзылуына алып келген. Құрылыс маманы ғимараттың нақты қабат санына сәйкес келмейтін жобалық шешімнің қолданылуын басты себеп деп атады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Мұның бәрі кешенді түрде шешуші рөл атқарды. Бірақ бастапқы себеп — жобалық сәйкессіздік. Қажетті есептік параметрлерсіз ғимараттың биіктігі екі есе ұлғайтылған, — деді маман.

Бұған дейін жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның неден қайтыс болғанын айқындайтын сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялады.

Сондай-ақ елордалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы қасбеті құлаған үйдің апатты жағдайы туралы өтініш түспегенін айтты.