Бұған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2026 жылғы 1 қазандағы қаулысы негіз болды. Онда үйдің құрылысына қатысы бар тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы бұған дейін қабылданған шешімнің күші жойылған.
Сотта жәбірленуші, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарованың өкілі МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс салушыға және басқа да тұлғаларға қатысты іспен біріктіру туралы өтінішхат берді.
Өкілдің айтуынша, істердің бөлек қаралуы оқиғаны толық зерттеуге кедергі келтіріп, бір айғаққа әртүрлі баға берілуі мүмкін. Ал істерді бірге қарау оқиғаның мән-жайын толық анықтап, оған қатысы бар барлық адамның әрекетіне құқықтық баға беруге көмектеспек.
– Біз үшін, нақтырақ айтқанда, жәбірленуші Сәлима Омарова үшін шындықтың анықталғаны маңызды. Біреуді кінәлау немесе кінәлі адамды жауапқа тарту мәселесінде қателеспеу керек деп санаймыз. Сондықтан соттан осы істерді біріктіріп қарауды сұраймыз, – деді өкіл Нұрсұлтан Орынбеков.
Сонымен бірге, заңгер істі әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін прокурорға жолдауды сұрады.
Ал қорғау тарапы істерді біріктіруге қарсылық білдірді. Адвокат мұндай біріктіру міндетті талап еместігін және тергеу сотының қаулысы әлі заңды күшіне енбегенін алға тартты.
Оның айтуынша, ұсынылған құжат С. Жұбаниязоваға қатысты істі қарауға негіз бар екенін көрсетеді. Сондықтан сот бұл іс бойынша түпкілікті шешім қабылдауы керек.
Мемлекеттік айыптаушы да өтінішхатты қанағаттандыруға қарсылық білдірді. Прокурордың айтуынша, 1 қазандағы тергеу сотының қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ, ал құрылыс салушыға қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына әлі жолданбаған.
Сондай-ақ айыптау тарапы Қылмыстық-процестік кодекстің қылмыстық істерді біріктіру негіздерін айқындайтын 43-бабына сілтеме жасады. Прокурор бұл бапта көрсетілген талаптар қаралып отырған іске қатысты емес деп санайды. Осыған байланысты ол өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартып, іс бойынша түпкілікті шешім қабылдауды сұрады.
Нәтижесінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Меруерт Абаева МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс салушыға және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іспен біріктіру мүмкіндігін қарау үшін прокурорға жолдау туралы шешім шығарды.
Судья шешім қабылдау кезінде құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын да ескергенін айтты. Сараптама қорытындысына сәйкес, ғимараттың опырылуына конструкциялық ақаулар мен құрылыс технологиясының сақталмауы сияқты бірнеше фактордың жиынтығы себеп болуы мүмкін.
– Бұл істі тек МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың әрекетіне баға берумен шектеуге болмайды. Құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысында ғимараттың опырылуына бірнеше себеп әсер етуі мүмкін екені, оның ішінде конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылғаны көрсетілген. Сондықтан апатқа әкелуі мүмкін жағдайға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуі керек, – деді судья М. Абаева.
Дегенмен судья бұл қаулы С. Жұбаниязованың немесе басқа тұлғалардың кінәсі анықталғанын білдірмейтінін атап өтті.
– Бұл қаулымен С. Жұбаниязованың немесе басқа тұлғалардың кінәлілігі туралы мәселе шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды, – деп түсіндірді судья.
Сәуле Жұбаниязоваға қатысты елді мекеннен шықпау туралы бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.
Сот қаулысы жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты арқылы шағым беруге немесе прокурор тарапынан өтінішхат енгізуге болады.
Өткен сот отырыстарында жәбірленушілер МИБ төрағасынан 35 миллион теңге талап еткен еді.