Фельдшер Ұлдана Мырзуан қазасы: ТЖД өкілі сотта жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің бастығы Ризабек Дайыров жауап берді. Ол ғимарат қасбеті құлаған соң құтқарушылардың қалай әрекет еткенін айтып берді және шұғыл қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін баяндады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Куәгердің айтуынша, оқиға туралы хабар ТЖД-ға жедел жәрдем қызметкерлерінен түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, жедел-құтқару жасағы және автокөтергіш жіберілген.

Р.Дайыров жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнына құтқарушылардан бұрын барғанын атап өтті. Оның сөзінше, егер ТЖД қызметкерлері оқиға орнына бірінші болып жеткенде, қауіпті аумақты қоршап, қауіпсіздік расталғанша басқа қызметтердің кіруіне жол бермейтін еді.

– Егер біздің қызметкерлер бірінші болып келгенде, ешкімді кіргізбес едік: жаяу жүргіншілерді де, полицияны да, жедел жәрдемді де. Қауіпсіздік расталғанға дейін тек ТЖД қызметкерлері жұмыс істейтін еді, – деді куәгер.

Құтқарушылар келген соң аумақты тексеріп, үйінді астынан екі адамды тапқан. Оларды қауіпсіз жерге шығарып, қабырғаның одан әрі опырылып кетуіне жол бермеу үшін қауіпті құрылымдарды бөлшектеуге кіріскен.

Сондай-ақ Р.Дайыров ТЖД-ның басқа жедел қызметтермен өзара іс-қимылы Ішкі істер министрінің №445 бұйрығымен және арнайы өзара іс-қимыл алгоритмімен реттелетінін айтты.

Бұған дейін фельдшер Ұлдана Мырзуанның әріптесі Ділназ Байзақова куәгер ретінде жауап берді.

Тағы бір жәбірленуші алған ауыр жарақатын айтып, өтемақы талап етті.