Аталған іс бойынша барлығы алты жәбірленуші бар. Олардың қатарында Ұлдана Мырзуанның анасы, сондай-ақ осы іске байланысты зардап шеккен өзге де жәбірленушілер бар.
— Тергеу аясында барлық мән-жай белгілі болды. Заңнамада мұндай әрекеттер үшін нақты жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты біз тергеу органдарының ұстанымымен келісеміз. Ал әрі қарай бұл мәселенің тағдырын сот шешеді. Бұл жерде себеп-салдарлық байланыс бар. Қазір бұл туралы толық ақпаратты жариялай алмаймыз. Барлығы сотта анық болады, — деді қорғаушы сот кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, кондиционерге, үйдің қасбетіне қатысты бірқатар сараптама жүргізіліп, адам өліміне нақты не себеп болғаны анықталды.
— Осыған байланысты тергеу барысында барлық жағдай дәлелденді деп есептейміз. Ал кінәлілердің жауапкершілігі сотта анықталады. Әзірге азаматтық талап-арыз берген жоқпыз. Бұған дейін де айтқанымыздай, сотталушылар осы уақытқа дейін адвокаттары да, өздері де кешірім сұрау немесе қандай да бір кездесу үшін бізге хабарласқан жоқ. Сондықтан әзірге біз ашықпыз, — дейді адвокат.
Еске салайық, жедел жәрдем фельдшері 23 жасар Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмды.
8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
Мемлекет басшысы қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Кейінірек Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді.