«Феникс» әуе компаниясының қызметі тоқтатылды

None
АСТАНА.  1 қазан. ҚазАқпарат -ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті «Феникс» әуекомпаниясы» ЖШС-не жүргізген инспекциялық тексеру нәтижесінде сертификациялық талаптар мен шектеулерді, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер етуші бұзушылықтарды және ұшу жұмыстарын ұйымдастыруда кемшіліктерді анықтады.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

Сондай-ақ, «Феникс» әуекомпаниясы» ЖШС пайдаланатын Ан-2 әуе кемелерінің техникалық жағдайы және оларды Степногорск қаласында орналасқан аэродромда ұстауда бірқатар бұзушылықтар анықталып отыр. Осыған орай, № 339-IV «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін қолдану туралы» ҚР Заңының 14- бабы негізінде ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті «Феникс» әуекомпаниясы» ЖШС-нің авиация жұмыстарын жүргізу туралы куәлігінің жарамдылығын 3 ай мерзімге дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. 3 ай мерзім ішінде әуекомпания басшылығы жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдауы қажет. Осыдан кейін қайтадан тексеру жүргізілетін болады.