Ферғанада Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның арнайы қызметтері басшыларының кездесуі өтті

АСТАНА. KAZINFORM — 6 мамырда Ферғанада Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев, Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов және Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің төрағасы Абдусалом Азизовтың кездесуі өтті, онда аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің проблемалары талқыланды.

Фото: НИАТ «Ховар»

Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, келіссөздер барысында тараптар терроризм, экстремизм, есірткі трафигі, заңсыз көші-қон, контрабанда және трансшекаралық сипаттағы басқа да қауіптерге қарсы күрес сияқты өзекті бағыттар бойынша өзара іс-қимыл мен оның перспективалары жөнінде ашық және сенімді пікір алмасты.

Шекара маңы ынтымақтастығы және жалпы мемлекеттер арасындағы тату көршілік қатынастарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қозғалды.

Диалог барысында Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекараларды делимитациялауға қатысты күн тәртібіндегі мәселелер, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекараларды демаркациялау мәселелері де қаралды.

«Кездесу қатысушылары қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және өзбек-қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау жұмыстарын жеделдету туралы келісімдерге қол жеткізіп, тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, осы мәселелерді шешудің практикалық шараларын белгіледі», - делінген хабарламада.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қырғыз-тәжік үкіметаралық комиссиясының мүшелеріне шекараның қалған учаскелерін келісу, сондай-ақ тиісті екіжақты шартты дайындау және қол қою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.