Табыннан алғашқы литр сүтке дейін
Нұра ауданының Көбетей ауылында «Рамадан» сүт-тауар фермасының құрылысы 2024 жылы басталған. Алғашқы сиырлар мұнда 2025 жылдың мамыр айында Ресейден жеткізілсе, тамыз айында сауынды малдан сүт алу басталды.
Қазір фермада голштин тұқымды 1 100 бас ірі қара бар. Кәсіпорын тәулігіне 28 мың литрден астам сүт өндіреді.
Өнім Қарағанды қаласына жөнелтіледі. Шаруашылықтың өз жем-шөп базасы қалыптасқан.
Малдың күтімі мен сауу үдерісі автоматтандырылған жабдықтар және климатты бақылау жүйесі арқылы жүргізіледі.
— 2025 жылы Ресейден 1100 бас ірі қара әкелдік. Қазір тәулігіне 28 мың литрден астам сүт өндіреміз және оны Қарағандыға жеткіземіз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз — тағы 400 басқа арналған ферма салып жатырмыз, — деді «Рамадан СФ» ЖШС директоры Жарас Қанапин.
Шаруашылық ендігі кезекте өндіріс көлемін ұлғайтып, Астана нарығына шығуды көздеп отыр. Алайда сүт өндірісінің тұрақтылығы тек мал басына емес, оның азықтандырылуына да тікелей байланысты. Сондықтан мұндағы мал шаруашылығы егін шаруашылығымен қатар дамып келеді.
Егістіктен фермаға дейінгі байланыс
Бұл тәсіл «Евразия Инвест LTD» агроөнеркәсіптік кластерінде де қалыптасқан. Мұнда мал шаруашылығы егін өсірумен және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаумен қатар жүргізіледі. Компания иелігіндегі жердің жалпы аумағы — 56 мың гектар. Оның 10 мың гектары — суармалы алқап.
Родниковское ауылында бір мезгілде 35 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін элеватор жұмыс істейді. Оның маңында 17 мың тонна өнімге арналған көкөніс қоймасы орналасқан. Биыл картоп 900 гектар жерге егілді, яғни жем-шөп пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерінің бір бөлігі осы шаруашылықтың өзінде өндіріледі.
Кластердегі ірі нысандардың бірі — сүт фермасы. Оның алғашқы кезеңі 1 200 басқа арналған. Қазір тағы 2 400 басқа есептелген екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Ал болашақта үшінші кезеңді салу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде сауынды сиыр саны 6 000 басқа дейін жеткізілмек.
— Элеватор, көкөніс қоймасы, сүт-тауар фермасы, суармалы алқаптар және Saumal саумал қымыз сүтін сублимациялау өндірісі — елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын бір тізбектің өзара сабақтас буындары, — дейді компания өкілдері.
Фермада голштин-фриз тұқымды ірі қара өсіріледі. Төлге күн сайын ветеринариялық бақылау жасалады. Сонымен қатар компания суармалы егіншілікті дамытып, серіктестерімен бірге жаңбырлатып суару машиналарын Қазақстанда өндіруді жолға қоюды жоспарлап отыр.
Сүт өнімге айналғанда
Сүттің тұтынушыға жету жолындағы келесі кезең — «Нәтиже» сүт фабрикасы. Кәсіпорын Қарағандыда 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде мұнда тәулігіне шамамен 90 тонна сүт өңделеді. Оның 70 тоннаға жуығы Қарағандыдағы өндірістік алаңда, тағы 20 тоннасы Көкшетауда қайта өңделеді.
Шикізат 22 қабылдау-дайындау пункті арқылы жеткізіледі. Одан сүт, айран, йогурт, қаймақ, сүзбе, сузбе, құрт, сары май және ірімшік секілді өнімдер өндіріледі.
Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, өнім түрлерінің саны 100-ден асады. Дайын өнім Қарағандымен ғана шектелмей, Астана, Павлодар, Екібастұз және Қазақстанның басқа да қалаларына жөнелтіледі.
Кәсіпорынның тарихы шағын цехтан басталған. Кейін өндірісті кеңейту туралы шешім қабылданып, шетелден заманауи жабдықтар сатып алынған.
— Шетелдегі сүт зауыттарына барып, ондағы өндірістің қаншалықты ауқымды екенін көрдім. Осыдан шамамен 15 жыл бұрын өзімізде де үлкен сүт зауытын салуды шештім. Швециядан жабдықты несие қаражатына әкелдік. Тәуекелі үлкен қадам болды. Дегенмен бұл шешіміміз ақталды, — деді «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС бас директоры Ерлан Әшім.
Сүтті өңдеу ісі тек өндірістік қуат пен технологияға келіп тірелмейді. Мұнда шикізаттың өзіндік құны мен халықтың сатып алу мүмкіндігі де маңызды рөл атқарады. Ерлан Әшімнің айтуынша, кәсіпорын шығындарды оңтайландыру және үнемдеу арқылы жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі нарық дайын өнім бағасын шикізат құнының өсуіне сай әрдайым көтеруге мүмкіндік бере бермейді.
Осылайша, дүкен сөресіне жеткенше сүт бірнеше кезеңнен өтеді. Әуелі ол фермада өндіріледі, кейін шикізат өңдеу кәсіпорнына жеткізіліп, ондаған түрлі өнімге айналады. Ал күнделікті тұтынатын бір қаптама сүттің немесе бір қорап сүзбенің артында жем-шөп алқаптары, мал күтімі, ветеринариялық бақылау, өндірістік технология мен дайын өнімді жеткізуге дейінгі тұтас жүйе тұр.
Бұған дейін 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 441,3 мың тонна өңделген сүт өндірілгенін жазғанбыз.