Депутаттардың пікірінше, жаңа заң жобасында төрт түлік малды вакцинациялау, мал сою алаңдарының жай-күйін бақылау, мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейту жолдары қарастырылған. Сондай-ақ ветеринар мамандарды әлеуметтік тұрғыда қолдау, атап айтқанда олардың жалақысын көтеру, тиісті киіммен әрі құрал-жабдықтармен қамту, білімін жетілдіруге жағдай жасау және басқа да шаралар көзделіп отыр. Отандық ет өндірушілерге қолдау көрсету сынды маңызды мәселе де назардан тыс қалмайды.
— Ветеринария туралы заңға енгізілетін өзгерістердегі жаңашылдықтар ветеринарияның деңгейін жоғары халықаралық деңгейге көтеруге бағытталған. Оның аясында мал өнімдерін есепке алудан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықта қауіпсіздікті сақтауға бақылау күшейтілуі тиіс. Сонымен қатар, ветеринар мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, яғни жалақыларының өсуі, арнайы киім, құралдармен қамтамасыз ету қарастырылған және оларға білімін көтеруге, оқуға жағдай жасалады. Сондай-ақ малға егілетін екпелердің сапасын жоғары деңгейге көтеру, оның сапасын бақылайтын мамандарды өз елімізде даярлау көзделген, — деді Құрылтай депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Бота Елеусізова.
Өз кезегінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тасқын Қызайбаев заң жобасы аясында Қазақстан аумағында фармацевтикалық инспектор деген ұғым енгізіліп жатқанын айтты.
— Болашақта бұл заң қабылданса, ветеринариялық препараттарды өндірушілерге GNP стандарты бойынша сертификат бере аламыз. Сонымен қатар, өз елімізде ветеринариялық санитариялық инспекторлардың құрамына фармацевтикалық инспекторлардың құзіреттерін де кіргізетін боламыз, — деді ведомство өкілі.
Бұған дейін Республикалық ветеринариялық зертхана қызметкерлерінің жалақысы 26%-ға өскенін жазған едік.