«Ет бағасын күрт өсті деп айта алмаймын, керісінше қазіргі уақытта ірі қара мал етінің бағасы фермаларда төмендегенін байқап отырмыз. Ал сауда орындарында бағаның өсуі мәселесін ауыл шаруашылығы саласына қатысы жоқ деуге болады. Өйткені, ол жерде бірқатар шешілмеген жайттар бар, яғни бәсекелестіктің төмендігі, сауда орындарының жетіспеушілігі, тауар өндірушілердің тікелей сауда орындарына келіп саудалауына мүмкіндіктің болмауына байланысты фермерлердің бағасы төмен түсіп, қаладағы баға керісінше кей жерлерде өсуін байқап отырмыз», - деді министр.
Осы орайда, ведомство басшысы бұл мәселе ет өнімдерін сатып алушылар мен тауар өндірушілерге де кері әсерін тигізіп отырғандығын атап өтті. Бұл тұрғыда министрлік тарапынан бүгінде арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатқан көрінеді.
А. Мамытбековтің пайымынша, сонымен қатар фермаларда сататын ет бағасының төмендеуі мал шаруашылығының дамуына байланысты болып отыр. Еліміздің ішіндегі нарық ауқымды болмағанымен, ет өндіру мүмкіндігіміз бірнеше есе артық. Сондықтан да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін Қазақстанға интеграциялық мүмкіндіктер қажет.
Баспасөз мәслихаты барысында «Ет импорты өсіп жатыр ма?» деген сауалға министр былай жауап қайырды: «Құс еті импортының төмендегенін байқауға болады. Ал басқа позициялар бойынша импорт өскен жоқ», - деді.