Фермерлер Еуропарламент ғимаратының алдында бүлік шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Брюссельде Еуропа Одағы мен Меркосур елдері арасындағы сауда келісіміне қарсы наразылықтар жалғасып жатыр. Кейбір шерушілер Еуропарламент ғимаратының алдындағы шыршаны құлатып, орнына жанып жатқан дөңгелектер мен қоқыстарды қойған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі politico.eu-ге сілтеме жасап.
Наразылық шаралары Еуроодаққа мүше 27 мемлекет басшыларының кездесуіне жақын жерде өтіп жатыр.
Жергілікті полиция қызметкерлері Люксембург алаңында жарылыстың алдын алуға тырысты. Еуропалық кварталды қою түтін басып, билік өкілдері демонстранттарды тарату үшін күні бойы көзден жас ағызатын газ қолданды.
Наразылық білдірушілердің бір бөлігі ғана зорлық-зомбылыққа барды, ал кейбір бейбіт шерушілер Еуроодақ басшыларына өз талаптарын айтты.
– Азық-түліктің жеткілікті мөлшерде өндірілетінін қабылдаймыз. Алайда фермерлер шығынмен өнім өндіруді жалғастыра алмайды, - деді Вексфордтағы (Ирландия) ірі қара мал және егін шаруашылығымен айналысатын фермер Элис Дойл.
Биылғы жаз айында Еуропалық комиссия ауыл шаруашылығына жұмсалатын шығындардың кепілдендірілген деңгейі төмендетілгенін айтты. Сондай-ақ комиссия өкілдері 300 миллиард еуроға жуық жаңа көрсеткіш шығындардың ең төменгі деңгейін білдіреді деп сендірді. Бірақ фермерлер бұған сенбейді.
Бельгиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Еуропарламент ғимаратын қорғайтын қоршаулардың алдынан полиция қызметкерлеріне картоп үйінділері лақтырылған. Поляк фермерлері Еуропарламент ғимаратында петардаларды ұшырып жатқанда, шенеуніктертер қызметкерлерге терезе маңына жақындамау туралы электрондық хаттар жіберді.
Еуропалық көшбасшылар Украинаға 2026-2027 жылдарға қаржылай көмек көрсету мәселесін ағымдағы саммитте шешеді деп күтіліп отыр. Дегенмен үлкен көлемдегі қаражатты тарту жолы белгісіз күйінде қалып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропарламент «әскери Шенген аймағын» құру туралы резолюция жобасын дайындағанын жазған едік.