Фермерлер ҚҚС төлеуді жөн санайды — Ұлттық экономика министрлігі

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин еліміздегі салық реформасына қатысты түсінік берді. 

Бүгін Сенатта тілшілер қосымша құн салығының өсуі аясында қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін сұрады.

Өз кезегінде вице-министр ҚҚС-тің өсуі есебінен болатын әлеуметтік-экономикалық әсерге тиісті есептеулер жасалғанын айтты.

— Есептеулер нақты инфляцияға қатысты болды. ҚҚС өсімінің инфляцияға жалпы әсері 2%-дан 2,5%-ға дейін. Бұл тәртіп толық әсер етпейді, өйткені көптеген тауар ҚҚС-тан босатылады. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ең қажет деген азық-түлік өнімдерін өндіретін шаруа және фермер шаруашылықтарын атап өтуге болады. Сондықтан ҚҚС-тың өсуіне байланысты арнайы бағаны көтеруге заңды немесе экономикалық негіз жоқ, — деді Азамат Әмрин.

Оның айтуынша, фермерлер ҚҚС төлеушімен жұмыс істеуді қаласа, онда ерікті түрде ҚҚС төлеуші бола алады.

— Астық және сүт өнімдерін өндіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездестім. Оларды ҚҚС-тан толығымен босатуды ұсындық. Ал бизнес өкілдері «ҚҚС төлеу құқығын беріңдер» деді, біз оларға осы саладағы тиісті таңдау құқығын бердік, — деді вице-министр.

Еске салсақ, биыл шілде айында Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды