Фермерлерден астық сатып алуға қосымша қаражат бөлінеді - министр

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астықты тікелей сатып алу жоспарына түсінік берді.

«Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы тапсырма берді. Ертең Үкімет отырысында Азық-түлік корпорациясы арқылы фермерлерден тікелей астық сатып алу тақырыбын талқылаймыз. Бастапқы 10 млрд теңгені бөлуді Қаржы министрлігі дайындап жатыр. Осы қаражатқа сатып алуды бастай береміз. Ары қарай тағы қосымша қаражат бөлінеді», - деді А. Сапаров Парламент Мәжілісінде биылғы астықты өткізу мәселесін талқылауға арналған жиыннан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясындағы жинақталған бидай сатылғаннан кейін, осы босаған қаражат та фермерлерді қолдауға бағытталады.

«Дәл қазір шаруалардан қанша астық тікелей сатып алынатынын күн бұрын айта алмаймын. Ертең Үкіметте шешім қабылданғаннан соң, жалпы көлемі жарияланады», - деді министр.

Еске салсақ, жақында Президент Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырды. 

Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан астығы қай елдерге экспортталатынын түсіндірді.