Фермерлердің су тапшылығына қатысты мәселелерін шешу жұмысы тұрақты жүргізілуі тиіс - Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

- Вегетациялық кезеңнің басталуын ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге оңтүстік өңірлерді егінге қажетті сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын. Ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу қажет, - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, су тапшылығының қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды қарастырып, диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын кешенді шараларды іске асыру керек.

- Бірқатар оңтүстік ауданда фермерлер тарапынан су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселелерді шешу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Қорыта айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егіс жұмыстарының уақтылы аяқталуын және жазғы егіс науқанының сапалы өтуін бақылауды қамтамасыз етуі қажет, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр егіншілерге өзекті метеорологиялық болжамдарды уақтылы беруді тапсырған еді.