Фермерлерге арналған арзан жанар-жағармай жеткізу жұмыстары жүріп жатыр - ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемгі егіс науқанына арналған жанар-жағармай 7 пайызға арзан болады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің сауалына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады.

«Республикадағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін 2016 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 366,8 мың тонна арзан дизель отыны бөлінді. Бұл ретте фермерлер үшін облыстардағы операторларда дизель отынының орташа бағасы литріне 92 теңгені құрап, нарықтық бағадан 7 пайызға арзан болып отыр. Республика бойынша нарықтық орташа баға литріне 99 теңге деңгейінде қалыптасып отыр»,-дейді министрлік өкілдері.

ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін наурыз айына 55,1 мың тонна дизель отынын жеткізу ескерілген. Атап айтқанда, орындауға негізделген тиісті кесте облыстар мен дизель отынын жеткізушілерге 2 наурызда жіберілді.

«Облыстарда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жанар-жағармайды жеткізу бойынша операторлар анықталды, сондай-ақ олар дизель отынын салып алу шараларын бастады. 2016 жылғы 11 наурыздағы жағдайға қарағанда, шаруа қожалықтарына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 253 тонна отын жеткізілді»,-делінген ведомство хабармасында.