Ферроқорытпа зауытында күйіп қалып ауруханаға түскен екі адамның жағдайы жақсарды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Денсаулық сақтау басқармасы ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен екі адам реанимациядан жалпы палатаға ауыстырылғанын хабарлады. Тағы екі науқас әлі де өте ауыр жағдайда.
«Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың комбустиология бөлімінде жатқан Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында зардап шеккен екі науқасқа жалпы жағдайының жақсаруына байланысты емдеу-қорғау режимі жеңілдетілді. Енді пациенттер палатада жүре алады, жақын туыстарының қысқа мерзімді келуіне рұқсат етіледі», — деп хабарлады облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, тағы екі пациент әлі де жан сақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.
«Бүгінгі таңда күйік жарақатымен түскен зардап шеккендердің екеуінің жағдайы жақсарып, жалпы палаталарға ауыстырылып, шок күйінен шығарылды. Науқастарға күйікке қарсы шараларға бағытталған қосымша терапия жүргізіліп жатыр. Ал екі науқас өте ауыр жағдайда реанимацияда. Қарқынды терапия жүргізіліп жатыр», — дейді Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматология орталығының жетекшісі, профессор Берік Төлеубаев.
Кеше түнде балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро мен бас механик қызметінің шебері Жетпісбаев Төлеген күйіктен қайтыс болды.
24 шілде күні таңертең зауытта технолог болып жұмыс істеген 25 жастағы Ерұлан Қазкен қаза болды.
22 шілдеде Музафар Исмаилов алған күйіктерінен қайтыс болды. Ол Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Үміткер ауылында жерленген.
Еске салсақ, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының пешінен кенеттен жалын шығып, кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шекті.