Фидель Кастро 4 жылда алғаш рет Куба парламентінің мәжілісінде сөз сөйледі

АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Куба революциясының көсемі Фидель Кастро соңғы 4 жылда алғаш рет ел Парламентінің алдында сөз сөйледі.

Сенбі, тамыздың 7-сі күні басталған Куба Халық билігі ұлттық ассамблеясының мәжілісінде сөйлеген сөзін 83 жастағы Кастро халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелерге арнап, Иран төңірегіндегі мәселеге ерекше тоқталды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлады.

Ұзақ уақыт үзілістен кейін бұқаралық шараларға араласа бастаған команданте, ядролық қару қолданылатын дүниежүзілік соғысқа ұласуы ықтимал адамзатқа төнген қауіп-қатер туралы ескертуден жалығар емес. Өткен сенбі күні баспасөз бетінде жарияланған кезекті мақаласында Кастро, Куба халқының атынан Барак Обамаға үндеу тастап, оны ядролық соғыстың тұтануына жол бермеуге шақырған болатын.