Фидель Кастро Гаванада оқу кешенінің ашылуына қатысты

АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Куба төңкерісінің көшбасшысы Фидель Кастро Плайя астаналық муниципиясындағы "Вильма Эспин Гильос" /Vilma Espin Guillois/ оқу кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

«Гранма» /Granma/ газетінің хабарлауынша, салтанатты шара 9 сәуір күні өткен.

Басылымның мәліметтеріне сүйенсек, кубалық революционердің бастамасымен 11 айдың ішінде бой көтерген ғимарат 140 оқушыға лайықты. Білім ордасында кітапхана, компьютерлік зертхана, медициналық пункт, спорттық алаңқайлар және 34 балғынға арналған балабақша бар.

«Орталықты ашқан Фидель құрылысшылардың бар күш-жігерлерін жұмсағандығын ерекше атап өтті», - деп жазған газет 86 жастағы саясаткердің екі сағатқа жуық балалармен, ұстаздармен, құрылысшылармен және кешен жайғасқан ауданның тұрғындарымен әңгімелескенін баяндаған.