Фиджи Премьер-Министрі Қазақстанға келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі аптада Фиджи Премьер-Министрі Джосай Вореке Байнимарама Қазақстанмен сапармен келеді. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова сенім грамотасын табыстаған Фиджи Республикасының Елшісі Иоане Найвалуруан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЭКСПО-2017» көрмесін көріп таң-тамаша болдық. Келесі аптада менің Премьер-Министрім Астанада болады. ол сіздердің елдеріңіздің шақыруын қабыл алды. Біздің еліміз осындай екіжақты қарым-қатынастың арқасында диломатиялық байланыстарымызды жақсарта аламыз деп есептейді», - деді ол кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне.

Айта кетейік, Қазақстан мен Фиджи дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы келісімге 2012 жылдың 6 маусымында қол қойған болатын.

«Дипломатиялық қарым-қатынасымыздың тарихи тереңде емес. Біз тәуелсіздігімізді 1970 жылы алдық. Сондықтан жас әрі шағын ел саналамыз. Сіздермен ынтымақтастықтың үлкен мүмкіншіліктерін көріп отырмыз. Мәселен, туризм, білім, ауыл шаруашылығы, сонымен бірге балық шаруашылығындағы ынтымақтастыққа мүмкіндік бар. Спорт бағытындағы ынтымақтастық мүмкіншіліктерін қарастырудамыз. Сіздердің күрес, бокстан  және спорттың басқа да салаларынан жақсы нәтиже көрсететіндеріңізді білемін», - деді Елші.

Фиджи Елшісімен әңгімелесу барысында Г.Әбдіқалықова туризм саласы ынтымақтастықтың келешегі зор  бағыттарының бірі болып табылатындығына назар аударған болатын. Оның атап өтуінше, екі елдің туристік ведомстволары мен компаниялары арасындағы тікелей байланыстарды орнату аталған саладағы әріптестікті дамытуға серпін береді.