ФИФА Бразилия спортшылары кәсіподағының ӘЧ матчтарының уақытын өзгерту жөніндегі талабын қабылдаған жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясы Бразилияның Кәсіби спортшылары федерациясының (ФПСБ) аптап ыстыққа байланысты әлем чемпионатының 12 маусым мен 10 шілде аралығындағы бірқатар ойындарының басталу уақытын өзгерту жөніндегі талабын қабылдаған жоқ.

Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

ФПСБ, ал бұлардан ертерек Бразилия футболшыларының кәсіподағы ФИФА-ға 24 матчтың басталуын мәскеу уақытымен 20:00-ден 23:00-ге ауыстыруын ұсынған еді.

ФИФА басшылығы екі жыл бойы ұйымның матчтың басталуы уақытын саралағанын және осы кезең ішінде ойыншылардың денсаулықтары басты назарда болғанын мәлім етті. Олардың айтуынша, ойын уақытын ауыстыру мүмкін емес. Бірақ сол кездегі «жағдай» қаперге алынатын болады.