FIFA 8 тамызда мәлімдеме жариялап, халықаралық турнирлерді ішінара жекешелендіру жоспарына байланысты туындаған дау аясында Инфантиноға тағылған айыптарды негізсіз деп атады. Қазіргі уақытта аталған жоспар кейінге қалдырылған.
– FIFA-ға мүше қауымдастықтардың қолдауына ие болмағандар ұйымның белгіленген демократиялық үдерістері арқылы қол жеткізе алмаған мақсатына айыптау, тұспалдау немесе жалған ақпарат тарату арқылы жетуге тырыспауы тиіс, – делінген FIFA-ның X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде.
Ұйымның мәліметінше, осы тақырыптағы соңғы жарияланымдарда FIFA мен оның президентіне қатысты расталмаған айыптаулар мен шындыққа жанаспайтын мәлімдемелер болған.
Бұған дейін британдық The Telegraph газеті Инфантино UEFA қызметкерлерінің бірінің лауазымының өсуіне ықпал ету үшін өз беделін пайдаланған деп жазды. Басылымның мәліметінше, Инфантино аталған қызметкермен жақын қарым-қатынаста болған.
The Telegraph дереккөздерін жарияламаған. Басылым қызметкер жұмыстан кеткен кезде өтемақы ретінде «алты таңбалы сома» алғанын, сондай-ақ жылына шамамен 45 мың фунт стерлинг немесе 53 мың еуро тұратын MBA бағдарламасындағы оқу ақысы төленгенін хабарлады.
Бұған дейін FIFA басшылығы халықаралық турнирлерді ішінара жекешелендіру жоспарына байланысты сынға ұшыраған Джанни Инфантиноға қолдау білдірген. 5 тамызда Рабатта өткен шұғыл отырыста оның FIFA президенті қызметінде қалатыны туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Еуропа Инфантиноны FIFA президенттігіне қайта сайлауға қарсы екені хабарланған.