ФИФА Қытайға ӘЧ-2026 трансляция құқығын $60 млн-ға сатты

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Қытайда 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын көрсету құқығы бойынша келісім жасасты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: AP

Келісім China Media Group медиакорпорациясымен жасалған.

Шарттың құны шамамен 60 млн долларды құрайды. Бұл сома ФИФА күткен бастапқы көрсеткіштен айтарлықтай төмен болған.

Мәліметке сәйкес, ұйым Қытайдағы трансляция құқықтары үшін шамамен 300 млн доллар алуды жоспарлаған.

Келісім 2031 жылға дейінгі төрт әлем чемпионатын қамтиды. Оның ішінде екі ерлер және екі әйелдер турнирі бар.

Атап айтқанда, келісімге 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты да енгізілген. Турнир АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.

Әлем чемпионатына 48 құрама қатысып, жалпы 104 матч ұйымдастырылады.

Қытай құрамасы турнирге қатыспайтынына қарамастан, елде футбол трансляцияларына қызығушылық жоғары күйінде қалып отыр.

Сарапшылар мұны футболдың танымалдығы мен турнирдің коммерциялық әлеуетімен байланыстырады.

Айта кетейік, ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионаты қатысушыларына берілетін жүлде қорын арттырады.