17:53, 07 Мамыр 2009
ФИФА рейтингі: Қазақстан құрамасы 1 сатыға төмендеп, 137-ші орында тұр
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұлттық құрамалардың кезекті рейтингін жариялады.
Оған сәйкес, Қазақстан құрамасы бұдан бір ай бұрынғы көрсеткішінен 1 сатыға төмендеп, 137-ші орынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Рейтинг бойынша үздік ондықтағы командалардың бұдан бір ай бұрынғы орналасу тәртібіне өзгерістер енген жоқ. Кесте бұрынғысынша - 1. Испания, 2. Германия, 3. Голландия, 4. Бразилия, 5. Италия, 6. Аргентина, 7. Англия, 8. Хорватия, 9. Ресей, 10. Франция.2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы сияқты «Ғ» тобында сынға түсіп жатқан Англия (7-ші орын) мен Хорватия (8-ші орын) мықты ондықтың ішінде. Ал қалған қарсыластарымыз, атап айтқанда Украина ? 22-ші, Беларус - 82-ші, Андорра 196-шы орындарға тұрақтаған. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңі аясындағы кезекті матчын маусымның 6-да Алматыдағы орталық стадионда Англия футболшыларымен өткізеді. Бұған дейін жерлестеріміз бес кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жетті, ал қалғандарында жеңіліп қалды. Осылайша, бес ойыннан кейін 3 ұпай жинаған олар өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді.