FIFA сыннан кейін турнирлерге жеке инвестиция тарту жоспарынан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) өткір сыннан кейін ірі халықаралық турнирлерге жеке инвесторларды тарту жоспарынан бас тартты. Бұл туралы Euronews жазды.

Коллаж: Canva / Kazinform

FIFA президенті Джанни Инфантино бұл жоба «алауыздық туғызғанын» және енді бастапқы мақсатына сай келмейтінін мәлімдеді.

– Біздің мақсатымыз әрқашан футболды біріктіру және дамыту болды әрі солай болып қала береді. Сондықтан бұл жоба жүзеге асырылмайды, – деді ол.

Шілде айының соңында FIFA ұлттық қауымдастықтарды қаржыландыруды арттыру мақсатында FIFA Forward Enterprise (FFE) атты жаңа еншілес құрылым құруды ұсынған еді. Ол әлем чемпионаттарын қоса алғанда, турнирлер мен коммерциялық қызметті басқарып, жеке инвесторларға азшылық үлестерді сатып алуға мүмкіндік беруі тиіс болатын.

ФИФА бағалауынша, капиталы 20 млрд доллар деп есептелген FFE жобасы 4,2 млрд долларға дейін инвестиция тарта алар еді.

Алайда бастама футбол қауымдастығы тарапынан қатты сынға ұшырады. Көпшілік Инфантино мен FIFA-ны «футболды сатуға» әрекеттеніп жатыр деп айыптады.

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) және оған мүше 55 ұлттық федерация бұл жоспар күшінде қалса, FIFA турнирлеріне бойкот жариялайтынын мәлімдеді.

– Әлем чемпионатын инвестициялық өнім ретінде қарастыруға болмайды. Егер бұл ұсыныстар толық қайтарылып, FIFA бұдан былай басқару құрылымы мен турнирлеріне жеке меншіктің араласуына жол бермейтініне кепілдік берілмесе, УЕФА құрамындағы бірде-бір ұлттық құрама FIFA жарыстарына қатыспайды, – делінген бейсенбі күні жарияланған мәлімдемеде.

Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні футбол конфедерациясы (КОНКАКАФ) та бұл жоспарды қолдамай, FIFA-ны ашықтық пен тиімді басқаруды күшейтуге шақырды.

Бұл жағдай 2016 жылдан бері FIFA-ны басқарып келе жатқан Джанни Инфантиноға қысымды күшейтіп, оның негізгі кеңесшілерінің бірі Карлос Кордейрудің қызметтен кетуіне себеп болды.

FIFA-ның операциялық директоры Кевин Ламур да жобаны «бір адамның бастамасы» деп атап, оны жүзеге асырмауға шақырды.

Инфантино бұған дейін де АҚШ, Канада және Мексикада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатындағы бірқатар оқиғаға байланысты, әсіресе АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның дисквалификациясын тоқтату туралы шешімі үшін сынға ұшыраған еді.

Айта кетейік, FIFA әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін арттыруды қарастыруы мүмкін.