Фильмдер түсіру үшін шетелдік кинокомпаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр - А.Мұхамедиұлы
15:22, 25 Мамыр 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірлескен фильмдерді түсіру бойынша шетелдік кинокомпаниялармен келіссөздерді жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған министрліктің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.
«50/50 қағидасымен бірлесіп қаржыландыру арқылы «Қазақфильм» АҚ мен жеке компаниялармен, оның ішінде шетелдік кинокомпаниялардың әлеуетін біріктіріп, фильмдер түсіру үшін инвестицияларды тарту жұмыстары жүргізілуде»,-деді министр. Осы бағытта Әміре Қашаубаевқа арналған кино жоба бойынша «Movia» продюсерлік орталығымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. «Сонымен қатар, Қытайда және Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдерінде кинотеатрлар желісін иемденіп отырған «Sky Orange» қытайлық ірі кинокомпаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл тұрғыдағы жұмыстар қазақстандық фильмдердің азиалық нарыққа шығуына жағдай жасауды, сондай-ақ Қазақстанда кино қалашықтар жүйесін құруды қарастыратын инвестициялық жобаны ескеріп отыр»,-деді А. Мұхамедиұлы.