Филиппин президенті БҰҰ құрамынан шығамыз деп сес көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппин президенті Родриго Дутерте БҰҰ оны халықаралық құқықты бұзды деп айыптағаннан кейін елдің ұйым құрамынан шығуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлады Би-би-си.

Жұмада БҰҰ соттан тыс жазалау проблемасы бойынша арнайы баяндамашы Аньес Калламар Дутертенің есірткі дилерлерін өлтіруге  шақыруы қылмыспен тең шектен шыққан, жауапсыз қадам екенін мәлімдеген.

 «БҰҰ-дан шығуымыз керек сияқты. Мұндай ақымақтыққа не үшін төзіп отыруымыз қажет?», - деп мәлімделі ол баспасөз мәслихатында.

Президент БҰҰ Сирия мен Ирактағы аштық, терроризм, қарулы қақтығыстарды жоюға қабілетсіз деп айыптады. Ол сондай-ақ Қытай мен Африка елдеріне жаңа жаһандық халықаралық орган құруды ұсынуы мүмкін екенін атап өтті.

БҰҰ деректеріне сәйкес, Дутерте осы жылғы мамырда президент лауазымына кіріскен күннен бастап есріткі саудасына қарсы операция жүргізген кезде полицейлер 800-ден астам адамның көзін құртқан.

Родриго Дутертенің сайлауалды басты уәдесі де елдегі қылмыс пен есірткі саудасын құрту  болған еді.