Филиппинде Корасан Акиноның қазасына байланысты аза тұту жарияланды

АСТАНА.  Тамыздың   1-і. ҚазАқпарат -   Филиппин Президенті Глория  Макапагал  Арройо  ханым елдің  бұрынғы басшысы Корасон  Акиноның  дүниеден өтуіне байланысты   елде 7 күндік   аза  тұту   жариялады.  Бұл туралы бүгін    Президент  сарайының  баспасөз хатшысы  Серж  Ремонде     хабарлады.

76 жастағы Корасон Акино  ханым  бүгін түнде Маниладағы «Макати»    ауруханасында  көз жұмды.  Ол   қатерлі ісіктен қайтыс  болды.

Корасон Акино    күйеуі,   филиппин оппозициясының  жетекшісі Бениньо  Акино 1983   жылы  атып өлтірілгеннен кейін  саясатқа келген  болатын.  Оппозициядағылар  Бениньо  Акино   диктатор  Фернандо  Маркостың   бұйрығымен  атып өлтірілді деп  санайды. Бениньо  Акино  қуғында  жүрген   АҚШ-тан    Филиппинге   оралған  кезде Манила  әуежайында  оққа ұшқан болатын. Сол  оқиғаға дейін     үй шаруасымен айналысып келген  Корасон Акино   ханым саясатқа қосылып,    оппозицияға  жетекшілік етеді. 1986 жылы  өзі   басшылық  еткен      бұқаралық   халық   көтерілісінің  нәтижесінде    елді 21  жыл бойы басқарған  диктатор  Маркос  пен   оның зайыбы Имельда   тағынан  тайдырылды.