Филиппинде паром аударылуынан 70-ке тарта адам хабар-ошарсыз кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппин маңында паром аударылуы салдарынан кемінде 70-ке тарта адам хабар-ошарсыз кетті. Бұл туралы сенбі күні жергілікті өкімет өкілдері мәлім етті, деп хабарлады ИТАР-ТАСС Agence France-Presse агенттігіне сілтеме жасап.

Бортында кемінде 84 адам бар кеме Лейте аралы маңында (Филиппин архипелагының орталық бөлігі) суға батып кетті. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс жасауда. Тірі қалған адамдарды іздестіруге ауа райының нашар болуы қиындық келтіруде. Қазірге дейін 14 адам ғана құтқарылды.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, паром Филиппинге төніп келе жатқан «Калмэджи» тайфунының кесірінен бағытынан адасып қалуы мүмкін.

Өткен жылы да Филиппинде паром аударылып, 64 адам қазаға ұшыраған болатын.