PCG таратқан мәлімдемеге сәйкес, «MV June Aster» кемесінен тағы 41 мәйіт табылған. Олардың барлығы түгелімен өртеніп кеткен. Осылайша, өрттен көз жұмғандардың саны 35-тен 76 адамға дейін өсті.
Ведомствоның хабарлауынша, мәйіттер жексенбі күні «BRP Cape Engano» кемесіне жеткізіледі деп жоспарланған.
Жағалау күзетінің мәліметінше, аман қалғандар саны 43 адам болып отыр.
Кеме жолаушыларының тізімінде барлығы 134 адам болған. Олардың 13-і әлі хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Ал тізімде болған екі адам паромға мінбегенін мәлімдеген. Билік мәйіттерді іздеу және анықтау жұмыстары жалғасқан сайын бұл деректер өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
«June Aster» кемесі Маниладан Палаван аралындағы Корон қаласына бағыт алған. Сәрсенбі күні кешке кемеде өрт шыққан.
Алғашқы мәлімет бойынша бортта 117 жолаушы мен 17 экипаж мүшесі болған.
Сәрсенбі күні кешке 5 адамның көз жұмғаны расталып, 43 жолаушы мен экипаж мүшесі құтқарылған. Кейін өрт сөндіріліп, кеменің қауіпсіздігі тексерілгеннен кейін билік өртенген кемеден тағы 30 адамның денесін алып шықты.
Айта кетейік, Зимбабведегі Кариба су қоймасында 11 тамыз күні паром апатқа ұшырады. Салдарынан 72 адам мерт болды.