Филиппинде су тасқынынан қаза тапқандар саны 52-ге жетті

БАНГКОК. ТАСС - ҚазАқпарат – Филиппинде нөсер жауыннан болған су тасқынынан кем дегенде 52 адам қаза тауып, 18 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Табиғи апат қатерінің алдын алу және салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңестің сәрсенбіде жарияланған баяндамасында су тасқынынан республиканың 10 өңірінде 640,7 мыңнан астам адам зардап шеккені айтылған.

Ведомство мәліметінше, 170 эвакуация орталығына 67,2 мың адам орналастырылған.

Кем дегенде 1,42 мың адам үйін тастап кеткен, 16 адам түрлі дене жарақатын алды. Республиканың тоғыз облысында су тасқыны мен көшкіннен болған 479 оқиға тіркелді.

Табиғи апаттан елдегі 4,68 мың үйге 100 млн песо (1,78 млн доллар) сомасында зиян келді. 103 инфрақұрылым нысанына келген шығын 262 млн песоға (4,68 млн доллар), ауыл шаруашылығынікі 245 млн песоға (4,37 млн доллар) бағаланған.

Су тасқыны 141 жол мен 14 көпірді зақымдап, 19 теңіз порты зардап шекті.

63 қалада электр қуаты берілмей, 62 желі қалпына келтірілді. Кей жерлерде сумен қамтамасыз ету мәселесі бар.

67 қала мен 71 муниципалитетте оқу орындарындағы сабақ пен кәсіпорындар жұмысы тоқтатылды. 22 елді мекенде төтенше жағдай режимі енгізілген.

Ел үкіметі көмекке 48,4 млн песо (866,3 мың доллар) бөлді.


Фото: apa.az