Филиппинде теңіз дауылы салдарынан 72 адам мерт болды

МАНИЛА. ҚазАқпарат – Филиппинде су тасқыны мен лай көшкініне алып келген «Налджи» теңіз дауылынан қаза болғандар саны 72-ге жетті. Бұл туралы Дүлей апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңестің ресми өкілі Рафаэлито Алехандроның сөзіне сілтеме жасап Синьхуа жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзінше, қаза болғандардың дені – 67 адам Филиппин оңтүстігіндегі Магинданао провинциясында тұрып жатқан. 14 адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде.

Ішкі істер және жергілікті өзін-өзі басқару министрі Магинданао Нагиб Синаримбоның айтуынша, өңірдегі 9 қала су астында қалған. Ал Котабато қаласының көп бөлігін көп жылдан бері алғаш рет мол су басты.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, ауылдардың бірінде лай көшкінінен кем дегенде 50 адам көз жұмды.

«Налджи» - Филиппинге биыл төнген 16-ыншы циклон.