Филиппиндегі мектепте атыс болып, алты адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Филиппиннің оңтүстігіндегі орта мектепте атыс болып, алты адам қаза тапты, тағы 17 адам жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: Anadolu Ajansi

Оқиға жұма күні түскі уақытта Оңтүстік Котабато провинциясының Банга муниципалитетіндегі орта мектепте болған.

Елдің Әлеуметтік қамсыздандыру және даму министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына әлеуметтік қызметкерлер жіберіліп, зардап шеккендер мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсетілген.

– Әлеуметтік қызметкерлер оқиға орнында психологиялық көмек пен қажетті қолдау көрсетті, – деп мәлімдеді ведомство.

Жергілікті табиғи апаттар қаупін азайту және басқару басқармасының дерегінше, оқиғадан кейін Банга муниципалитетіндегі барлық білім беру мекемелерінде сабақ дереу тоқтатылған.

Филиппиннің Білім министрлігі мектептегі атыс туралы ақпаратқа байланысты алаңдаушылық білдірді.

Бұған дейін биылғы тамыз айында Филиппиннің оңтүстігіндегі орта мектептердің бірінде болған атыстан екі оқушы қаза тапқан. Олардың бірі оқ атқан жасөспірім болған.

Айта кетейік, АҚШ-та саябақтағы атыстан бір полицей қаза тауып, тағы бірі жараланды.