Филиппиндегі тропикалық дауылдан қаза тапқандар саны 48-ге жетті
22:27, 05 Тамыз 2024
МАНИЛА. KAZINFORM – Филиппиндегі Батчой және Карина тропикалық дауылдары салдарынан болған су тасқыны мен көшкіннен қаза тапқандар саны 48-ге жетті. Бұл туралы Анадолы хабарлады.
Филиппиннің табиғи апаттар қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық кеңесіне сілтеме жасаған PNA агенттігінің хабарлауынша, тропикалық дауылдардан 6,2 миллион адам зардап шеккен және барлығы 8 574 ғимарат зақымданған.
Сондай-ақ, 36 мыңға жуық адам эвакуациялық орталықтарға орналастырылған.
Шілде айында Филиппинді соққан тропикалық циклондар елде шамадан тыс жауын-шашын, су тасқыны мен көшкіндерді тудырды.
118 провинция мен ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Бұған дейін Үндістандағы көшкін құрбандарының саны 358 адамға жеткені туралы жазған болатынбыз.