Филиппиндіктерді зомбилер қуалап жүр

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Филиппиннің Лагуна провинциясында зомбилерден қашу жарысы өтті, деп жазады «Алаш айнасы». 5000-ға жуық адам қатысқан мұндай ерекше біріншілік әлемде бұрын-соңды болмаған.

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралда­рының хабарлауынша, Outbreak Manila чемпионатының ұйымдастырушылары желаяқ атлеттер мен әртістерге жақсы ермек тауып берген. Турнир үшін зомбилердің рөліне 200-ге жуық актер таңдалды. Олар ағаштар мен тау тасаларына жасырынды. Біріншілік қатысушыларына үш таспа берілген. «Зомбилер» оларды қуып жетіп, таспаларын тартып алуы тиіс. Үш таспасынан да айырылған ойыншы «ажалын» зомбидің қансорғыш аузынан тапқан болып есептеледі де, жарыстан шығып қалады. Желаяқтарға «зомбилерді» ұруға, әлденемен кесектеуге тыйым салынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кім-кімнің де есінен кетпейтін нағыз думан болды. Зомбилерден қашу чемпионаты алдағы уақытта спорттың бір түріне айналуы мүмкін.