Филиппиндік байқаушы Қазақстандағы сайлауда ерекше инклюзивті жағдай жасалғанын атап өтті

АСТАНА. KAZINFORM - Филлипин Республикасы Сайлау комиссиясының административтік қызмет департаментінің басшысы Мария Вина Т.Замора Астана қаласындағы сайлау барысымен танысты.

Фото: Kazinform

Сайлаудың барысын шетелдік байқаушылар да жіті бақылап, әзірге қандай да бір бұзушылықтар анықтамағанын айтып отыр.

Филлипин Республикасы Сайлау комиссиясынан келген делегат та сайлаушылардың тәртіп пен заңға сай дауыс беріп жатқанын жеткізді.

— Құрылтайдың алғашқы сайлауында байқаушы болу біз үшін де тарихи сәт дер едім. Бүгін, міне төпелеп жауған жаңбырға қарамастан сайлауға жұрт асыға келіп жатыр. Дауыс беру барысы да біз түске дейін барған төрт учаскеде тәртіппен, тыныш өтіп жатыр. Бүгін кешкі сағат 20:00-ге дейін сайлаушылардың жоғары белсенділігін күтеміз. Осы уақытқа дейін нұсқаулықтарға, Конституцияға сәйкес ешқандай заң бұзушылықтарды байқамадық. Сайлау учаскесінің ішінде ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын көргеніміз жоқ. Дауысты сатып алу немесе сату сияқты әрекеттерді байқамадық, – дейді шетелдік байқаушы.

Мария Вина Т.Замора мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне ерекше мүмкіндік жасалғанына таңданысын жасыра алмады.

-Себебі нашар көретіндерге арналған Брайль шрифті, партияларға дауыс беру нұсқаулығын тыңдауға болатын құрылғылар Филиппинде әзірге қолданылмайды екен. Сол секілді сырқаттанып қалған адамның да дауыс беру құқығы шектелмейді,-деді ол.

Осыған дейін ШЫҰ-нан келген байқаушы елде Құрылтай сайлауын бақылау үшін барлық жағдай жасалғаннын айтты.