Филиппинге «Мелор» дауылы таяп қалды, мектептер жабылып, паром қатынасы тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппин аралдарының билік көздері мектептерді уақытша жауып, паром қатынасын тоқтатуды бұйырды. Бұған елдің шығыс жағалауына «Мелор» тайфунының таяп қалғандығы себеп болды.

Метеорологтардың болжамынша, «Мелор» тайфуны өзімен бірге биіктігі 4 метрге дейін жететін дауылдық толқындар мен су тасқындарын, көшкінді тудыртатын қара жауын алып келеді. Дауыл түнде күшейе түскен соң, метеорологтар оны үшінші санатқа (болуы мүмкін бесеуден) жатқызды.

Дауылдық ескерту 81 провинцияның 20-сында жарияланды.

2013 жылдың қараша айында Филиппин аралдарын «Хайян» тайфуны жайпап өтіп, салдарынан сегіз мыңнан астам адам қаза тапқан болатын, деп жазады Би-би-си.