Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының жеке веб-сайты ашылды

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының жеке веб-сайты ашылды.Бүгін Алматыда сайтты жасаушылар ғалыммен кездесу ұйымдастырып, баспасөз мәслихатын өткізді.

Шара барысында ғалымға сайт куәлігі тапсырылды. Өз кезегінде Т. Кәкішев сайт жасаушыларға алғысын білдіріп, еңбектерін жариялауда бұндай мүмкіндіктің болғанына ризалығын жеткізді.

«Бұдан бұрын ғаламтордың қазақтілді сегментін дамытуға байланысты «Бәйге» ұлттық интернет жобасын ұйымдастырған болатынбыз. Соның аясында белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының жеке сайты ашылды. Жалпы, мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды дамытамыз десек, осындай ғалым ағаларымыздың еңбектерін бағалап, мүмкіндігімізше насихаттауымыз керек», - деді «Бәйге» ұлттық интернет Жүлдесі» дирекциясының ұйымдастырушысы Болат Бөтеев.

Сайт домені - www.kakishev.kz . Онда Халықаралық жоғарғы мектептер академиясының академигі, ғалым Т. Кәкішұлының өмірбаяны, сурет-бейне мағлұматтар, сұхбаттар, мақалалар жарияланған. Сонымен бірге, сайт иесімен тікелей байланыс жасауға да мүмкіндік жасалған.

Сайттың ашушысы әрі демеушісі - Т. Кәкішевтің шәкірті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты Нұрдәулет Нұраділ. Оның айтуынша, барлық мағлұматтар уақыт сайын жаңартылып, толықтырылып отыратын болады.