Финдердің жартысына жуығы зейнетке ерте шыққысы келеді

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — OP қаржы тобы жүргізген сауалнамаға сәйкес, финдердің 48 пайызы ресми түрде зейнет жасына жетпей зейнетке шығуды қалайды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Агенттік хабарлағандай, негізгі себеп — жұмыстан босап, басқа істерге уақыт арнауды қалау.

Ерте зейнетке шығуға деген ұмтылыс әсіресе 35–49 жас аралығындағы адамдар арасында күштірек байқалады — олардың жартысынан астамы ресми зейнет жасына дейін күткісі келмейді. Мұны жастар да армандайтын көрінеді: 26–34 жастағы әр бесінші адам 50 жасқа дейін зейнетке шығуды қалайтынын айтқан. Бұл Финляндияның Зейнетақы орталығы белгілеген зейнет жасы көрсеткіштерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, 1995 жылы туғандар үшін ең төменгі зейнет жасы — 68 жас.

OP Life Assurance компаниясының директоры Кристиина Михелссон сауалнама нәтижелерін алаңдатарлық деп бағалап, бұл қоғам мүддесі мен жеке адамның қалауы арасындағы қайшылықты көрсететінін айтты. Ол зейнетақы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін еңбек ететін кезеңді ұзарту маңызды екенін баса айтты.

Респонденттердің жартысына жуығы үшін ең қолайлы зейнет жасы — 60–69 жас аралығы, ал үштен бірі тіпті 60-қа жетпей зейнетке шыққысы келеді. Финляндия Зейнетақы орталығының деректеріне сәйкес, өткен жылы елдегі күтілетін орташа зейнетке шығу жасы 63,1-ді құраған.

Зейнетке ерте шығуды қалаудың себептері мыналар: жұмыстан тыс уақытты тиімді өткізу (49%), жұмыс орнындағы қысым (16%) және денсаулық мәселелері (12%).

К. Михелссонның пікірінше, ерте зейнетке шығу шындыққа айналуы үшін ұзақмерзімді жинақ пен инвестиция қажет, сондай-ақ өмірдің барлық кезеңінде қызметкерлерге көбірек қолдау көрсетілуі тиіс.

Осыған дейін Эстония мен Финляндияда 70 жастан асқан тұрғындар үлесі екі есе артқанын жазғанбыз.