Финляндия әскери резервін күшейтіп жатыр

Фото: Heiko Junge/Heiko Junge / NTB

АСТАНА. KAZINFORM — Финляндияның Қорғаныс министрлігі алдағы бес жыл ішінде әскери резервтің саны бір миллион адамнан асады деп жоспарлап отыр. 22 желтоқсанда ел президенті Александр Стубб резервтегі әскери қызметшілердің шекті жасын 65 жасқа дейін арттыру туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Еuronews жазды.

Заңнамаға енгізілген өзгерістер келесі жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

«Бұл түзету қатардағы жауынгерлер үшін резервте болу мерзімін 15 жылға, ал офицерлер мен кіші офицерлер үшін бес жылға ұзартады», делінген Финляндия Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы хабарламада.

Заңға сәйкес, әскери міндеттілер әскери атағына қарамастан, 65 жасқа толған жыл аяқталғанға дейін резерв құрамында болады.

«Осы реформаның арқасында бес жылдық өтпелі кезең ішінде резервтегі адамдардың саны 125 мың адамға артады. 2031 жылға қарай Финляндияның жалпы әскери резерві шамамен бір миллион адамды құрайды», деп мәлімдеді Финляндияның қорғаныс министрі Антти Хяккянен.

Еске сала кетсек, елімізде әскери тәжірибесі бар азаматтар резервтік қызметке шақырылып жатыр.